Қазақтың домбырасы бұрында тұтас ағаштан шауып жасалған. Ертедегі домбыралардың жасалуы, пішіні әртүрлі болғанға ұқсайды. Оны еліміздің әр аймақтарында сақталған домбыралардан көруге болады. Қазақ салты мен дәстүріне, ән жыр, күй мектебі мен әр өнерпаздың орындаушылық дамытылып, өзгертіп отырған. Домбыра, негізінен екі ішекті және кейде үш ішекті болып келеді. Домбыраның көне үлгілерінің бірі домалақ бүйірлі болып келетіндігі байқалады.
Қазақ халқында домбыра аспабында күй таратудың негізгі екі жүйесі қалыптасқан:
- Төкпе күйшілік дәстүр (Батыс Қазақстан аймағы).
- Шертпе күйшілік дәстүр (Шығыс Қазақстан айммағы).
Осыған орай қазақтарда домбыраның ең кең тараған екі түрі бар. Олар — Батыс Қазақстан, Түркменстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Ауғанстан жеріне кең тараған қауақ домбыра және Алтай-Тарбағатай, Жетісу мен Сарыарка, Қаратауға тараған қалақ домбыра. Музыка зерттеуші, күйші, жазушы Таласбек Әсемқұлов: «қауақ» сөзі «қабақ», яғни «асқабақ» деген сөзден шықса керек. Себебі, қауақ домбыраның шанағы көз тоқтата қараған адамға ортасынан қақ бөлінген асқабаққа ұқсайды» — дейді.
Батыс Қазақстандық домбыра үлгісі (қауақ домбыра) төкпе күйлер тартуға еліміздің батыс аймағында кең тараған болса, Шығыс Қазақстандық домбыра үлгісі (қалақ домбыра) көбінесе шертпе күй тартуға арналған. Қалақ домбыра өзіңнің сыртқы түрімен қалаққа ұқсас болғаннан кейін осылай аталған сияқты.