Концерт қорытындысы бойынша екі жас санатының әрқайсысы бойынша төрт жеңімпаздан анықталады.
15 жасқа дейінгі жас домбырашыларға арналған Бірінші республикалық «Домбыра-Дастан» байқауы бастау алды.
Байқау шарттары бойынша қатысушылар жас санаттары бойынша екі топқа бөлінеді: балалар тобында 6 мен 11 жас аралығындағы күйшілер, ал жасөспірімдер тобында 12 мен 15 жас аралығындағы домбырашылар өнер көрсетеді.
Үздік жас орындаушыларға жалпы 40 000 000 теңге жүлде қоры тағайындалды. Байқау қорытындысы бойынша 8 үздік домбырашы анықталатын болады, олар 2 000 000 теңгеден 8 000 000 теңгеге дейінгі ақшалай сыйлыққа ие болады.
Жобаның ұйымдастырушысы әрі бастамашысы – «Сәби» Қайырымдылық қоры.
Байқаудың қазылар алқасы құрамында – қазақстандық музыка өнерінің еңбегі сіңген қайраткерлері, олардың арасында Құрманғазы атындағы мемлекеттік оркестрдің бас дирижері Абылай Тілепбергенов, А.Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп директоры Нұркен Әшіров, профессор Айгүл Үлкенбаева, Шабыт университетінің оқытушысы және «шертпе» шебері Жанғали Жүзбай және т.б.
«Біздің қайырымдылық қор 20 жыл бойы дарынды шығармашыл балаларды қолдаудың жүйелі бағдарламаларын жүзеге асырып келеді. Қазақтың озық дәстүрлеріне негізделген «Домбыра-Дастан» жобасы қазақ музыка өнерінің жас жұлдыздарының ашылуына, ұлттық музыка мектебінің Қазақстанда да, халықаралық аренада да дамуына септігін тигізеді. Байқаудың жан-жақты шығармашыл бағдарламасы күй өнерін және музыканттардың мәртебесін жаңа деңгейге көтеретін бірегей музыкалық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - дейді «Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова. Домбыра-Дастан» байқауы үш кезеңде өтеді: бірінші кезеңде 2022 жылдың 10 мен 31 қаңтары аралығында жас орындаушылар сайтында тіркеліп, өз бетінше таңдалған екі күйдің орындауын бейнежазбаға түсіріп, қазылар алқасының қарауына өтініш жібереді.
Екінші кезеңде Алматы, Өскемен, Атырау, Астана және Шымкент қалаларының үздік концерттік залдарында офлайн тыңдаулар өтеді. Бұл айналымда сайыстың ақтық кезеңіне өтетін қатысушылар анықталады.
Үшінші кезеңде жас домбырашылар мен Қазақстанның музыка мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткерлердің қатысуымен гала-концерт өтеді.